Павлодарлық келіншек түрмедегі күйеуіне марихуана салып апарған
27 жастағы ер адам өткен жылы денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін 8 жылға сотталған болатын

Павлодарда әйел адам киім қалтасына марихуана салып апарып, тұтқындағы жұбайына беріп жібермек болған. Оның күйеуі, 27 жастағы ер адам өткен жылы денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін 8 жылға сотталған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, есірткіні алып өту әрекеті АП-162/2 орта қауіпсіздік мекемесінде анықталған.
«Маңғыстаулық жазасын өтеушіге жұбайы кездесуге келген. Жедел қызметкерлер сөмкелерді тексеру кезінде шалбар қалтасынан ерекше иісі бар сұр-жасыл зат салынған дорбаларды тапқан. Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақыртылып, сараптама жасалды. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, сұр-жасыл зат кептірілген марихуана болып шықты», – деді ҚАЖД баспасөз қызметінен.
Департамент өкілдері мұның тұтқындарға «шөп» алып өтуге ұмтылған алғашқы оқиға емес екенін айтады. Дезодорант және аяқ киімге арналған сүрткішке де марихуананы жасырып өткізбек болған әрекеттердің жолы кесілген екен.