Шымкентте мектеп оқушылары сотталды
Мектеп оқушыларының қатысуымен болған қарулы қақтығыс 9 қыркүйек күні орын алған

Миллионды қаладағы атышулы оқиғаға қатысты үкімді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасайт отырып.
Қарулы қақтығыс 9 қыркүйек күні орын алған. Күндізгі сағат 14.00 шамасында №38 және №46 мектептерде білім алып жатқан екі оқушы тағы бір достарын ертіп алып, №65 мектеп-гимназиясының оқушыларымен жаппай төбелескен.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал кезінде оқушылардың қолында тас қана емес, пышақ пен тапанша да болған. Жеткіншектердің пышақтасқанын да көргендер де бар. Олардың бір емес, бірнеше рет оқ атқанын да естіген.
Осы оқиғадан кейін 17 оқушы ұсталып, оның екеуі қамауға алынған еді. Күдіктілерден пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша тәркіленген болатын. Төбелес кезінде 16 жасар жасөспірімнің дене жарақатын алғаны да айтылды.
Аталмыш іс бойынша шығарылған үкім №65 мектептің акт залында, оқушылардың көз алдында оқылды. Сотталушының орнында №46 және №38 мектептердің 2 оқушысы және тағы бір жасөспірім отырды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы 3 күдіктіні де кінәлі деп тапты. Үкім шығарарда олардың бұрын сотты болмағаны, өздерінің кінәсін толық мойындағаны және кәмелетке толмағандары ескерілді.
«Б. Жанимановқа қатысты жеңілдетілген мән-жайларды ескере отырып, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ал Б.Алдабергенов пен Е.Тоқтасынға ҚР ҚК-ның 287-бабының 4-бөлігінде тек қана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғандықтан, жеңілдетілген мән-жайларды ескере отырып, 3 жыл бас бостандығынан айырып, ҚР ҚК-ның 63-бабын қолдану арқылы шартты түрде жаза тағайындалып, 1 жыл пробациялық бақылау белгіленді», – деді Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов.
Айта кетсек, орын алған қылмыстық оқиға бойынша тек кәмелетке толмаған жасөсіпірім мен мектеп оқушылары ғана жазаға тартылған жоқ. Істі сотта қарау барысында анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының және Білім басқармасы басшының атына жеке қаулылар шығарылды.