Оралда мас ер адам мектеп ауласына кіріп, оқушыларға тиіскен
Оқиға 8 қазан күні №7 мектептің ауласында болған
Оралда полицейлер қала мектептерінің бірінің ауласында мас күйінде балаларға тиіскен 36 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Liter.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 8 қазан күні №7 мектептің ауласында болған. Куәгерлер қолына шөлмек ұстаған мас адамның мектеп ауласында тәлтіректеп жүргенін, артынша тротуарда келе жатқан баланы сөмкесінен ұстап алып тартқылағанын видеоға түсіріп алған.
«Алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде қоғамдық орында құрметсіздік танытып, қоқыс тастап, арберлі өткен жүргіншілерді мазалаған құқық бұзушының жеке тұлғасы анықталды. Ол 1985 жылы туған Д. есімді азамат болып шықты», - деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері ұсталған адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің үш бабы: 434-баптың 2-бөлігінің «Ұсақ бұзақылық»; 440-баптың 3-бөлігінің «Қоғамдық орында алкогольді ішімдіктер ішу»; ҚР ӘҚК 434-2 бабының 1-бөлігі «Жалпы аумақтардың ластануы» бойынша әкімшілік материалдар толтырылғанын атап өтті.
Ұсталған ер адам қылығы үшін кешірім сұрап, өзін «түсініп, кешіруін» сұраған.