Қараусыз қалған жануарлардың иесі жауапкершілікке тартылатын болады
Жануарларды қайтарған кезде иесі сол аралыққа дейінгі шығынды өтеуі тиіс
Жергілікті полиция қызметі басқармасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясымен және елорданың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406, 408-баптары бойынша жануардың меншік иесін әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде комиссиялық шешім қабылдайды. Аталған баптар елорда аумағында қараусыз қалған мал жаю фактісін анықтау жағдайларына қатысты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Жануар иесінің жеке басы анықталғанға және мән-жайы анықталғанға дейін қараусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарлары Нұр-Сұлтан қаласы, Алаш тасжолы, 72 мекенжайында ұсталатын болады.
Жануарларды иесіне қайтарған кезде иесі сол аралыққа дейінгі шығынды өтеуі тиіс.
Бұл шаралар қараусыз қалған жануарлардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ ұрланған малды ұрлау мен заңсыз өткізудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Толық ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: 8(7172)55-68-96, 8(7172)28-59-70.