«Варламовтың түсірілім жүргізуіне тыйым салынған жоқ»: «Керуен сарай» кешенінің директоры түсініктеме берді
Ресейлік блогер видео түсіруіне тыйым салынғанын айтты
Қазақстанға ресейлік әйгілі блогер Илья Варламов келді. Ол өзінің бұл жолғы сапарын Түркістан облысына арнаған. Алайда блогер мәдени астананың ең көрікті жері саналатын «Керуен сарайды» аралау кезінде келеңсіз жағдайға тап болғанын айтты.
Варламов туристерге арналған кешенді «өте әдемі жер» деп бағалады. Бірақ блогер мұнда келушілерден гөрі күзетшілердің көптігін байқады.
«Біздің жанымызға күзетшілер келіп, түсіруге болмайды деп ескерту жасап жатыр. Егер де түсіруге болмайтын болса, онда мынаның бәрін кім үшін салды? Мен мұндай тыйымдарға бірінші рет тап болып тұрмын», - деді Илья Варламов.
Өз кезегінде «Керуен сарай» кешенінің директоры Абай Қарақұлов Илья Варламовтың фото және видео түсіруіне ешқандай тыйым салынбағанын жеткізді. Тек күзет блогердің қолындағы құралдың не екенін анықтауды көздеген екен. Туристің әуесқой түсірілім жүргізіп жүргеніне көз жеткізгеннен кейін Варламов өзінің жұмысын емін-еркін жалғастырған.
Сондай-ақ, ресейлік блогер Түркістан облысы әкімдігінің ғимаратын да сынға алды. Нақтырақ айтқанда видео авторы құстардың ғимарат күмбезін әбден былғап тастағынын көрсетті.