Үш жылқы мен 10 мың доллар талап етті: Ертіс Орманы қызметкерлері мен тұрғындары Тоқаевтан көмек сұрады
Шалдаулықтарға арызқой ауылдастары күн бермейтін көрінеді
Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауданы Шалдай ауылдық округінің тұрғындары мен «Ақсақал кеңесінің» мүшелері, Ертіс Орманы мемлекеттік табиғи қорығының тұрғындары ауыл азаматтарының үстінен арыз жазуын тоқтатпай, ел ішіне іріткі салып жүрген Михаил Барсуковский есімді азаматтың іс-әрекетіне тоқтау салуды сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғындардың айтуынша, Борсуковский ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүр. Бір қызығы, әкімдік те, Экология министрлігі де арызқой тұрғынның дәлелсіз сөздеріне құлақ асып, кәсіби мамандарды жұмыстан босатып жатқан көрінеді.
«Резерваттағы жұмыстарға кедергі келтіріп жатқан Борсуковский Михаил Григоревский деген Шарбақты азаматы 2017 жылы менің артымнан қалмай, $10 мың мен 3 жылқы талап етті. Содан мен ол кісінің үстінен арыз жазып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін жасының үлкендігіне қарап 3 жыл мерзімін қиып тастады. 1 жыл 9 ай түрмеде отырып шыққаннан кейін қайта-қайта Ертіс орманы ұжымының атына, менің атыма түрлі сылтау тауып арыз жазып жатыр. Мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, «Nur Otan» партиясынан, Павлодар облысы әкімінен аталған мән-жайды шешіп беру үшін көмек сұраймын», - деді орманшы Ербол Карманов.
Бірнеше жыл бойы орман шаруашылығын басқарған, бүгінгі таңда зейнетке шыққан орманшы Төлеген Шахарманов «Барсуковский елді қажытып бітті» дейді.
«Осы жасқа келгенше кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін көріп келе жатырмын. Неше жыл бойы өзім сол кісінің әділетсіз әрекеттеріне куәмін. Жұмыс істейтін талай адамның үстінен арыз жазып, шығартты. Бүгінгі күні Ертіс орманында алып бара жатқан проблема жоқ, жұмыс жүріп жатыр. Бір адамның арызы талай маманның жұмысына кедергі жасап отыр, негізсіз жалаларымен елді қажытып бітті», - деді зейнеткер.
Бірнеше жылдар бойы өзіне қарсы шыққандардың үстінен үздіксіз арыз жазып келе жатқан В.Г.Барсуковский Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұранымен бопсалау және алаяқтық бабы бойынша екі рет сотталған.
«Жалпы өтініштерде заң бұзушылық деп көрсетілген фактілердің біреуі де расталмады. Бұл үшін барлық инстанцияларға, оның ішінде орталық билік органдарына қатысты шағымдар жазған В.Г.Барсуковский мырза жауапқа тартылмады. Оның барлық өтініші бойынша тексерулер ұйымдастырылып, мемлекеттің қомақты қаржысы жұмсалады. Шынымен де біздің қазақстандық заңнамада жалған айыптау, мемлекетке келтірілген зиян үшін жауапкершілікке тарту, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының түрлі деңгейдегі мамандарын негізгі жұмысынан алшақтату бойынша жазалау нормасы жоқ па?! Борсуковский барлық басшының үстінен арыз жазады. Көздегені - жеке басының қамы. Біз облыстық прокуратураға, Ішкі істер департаментіне, Экология министрлігіне, комитетке, прокуратураға да арыз жаздық. Бірақ ешкім ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Бар үмітіміз өздеріңізде», - деді ауыл тұрғындары.
Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі Шалдай ауылдық округінің әкімдігіне хабарласты. Әзірше ақпараттық сауалымызға жауап әзірлену үстінде.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан