СҚО-да жеңіл көлік 14 қойды басып өлтірді

Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды

СҚО-да жеңіл көлік 14 қойды басып өлтірді

Солтүстік Қазақстанда Daewoo Nexia автокөлігі бір отар қойды соғып кетті. Салдарынан дөңгелек астына түскен 14 мал өліп, бірнешеуі жарақаттанды. Жол ережесін сақтамаған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есіл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Петропавл-Жезқазған» автожолында аудан орталығы Явленка селосының маңында Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі бір отар қойды қағып кеткендігі жайында ақпарат түскен. 

Анықталғандай, жеңіл көліктің 51 жастағы жүргізушісі жолаушымен бірге Петропавл қаласынан Шал ақын ауданына бет алып бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы «Мал айдау» жол белгісінің аумағында болған. Салдарынан көлік басып кеткен 14 бас мал өлді. Жүргізуші мен жолаушы аман.

«Жасалған медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес Daewoo Nexia жүргізушісі мас болмаған. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 610-бабының 1-бөлігі «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» бойынша материал жиналды және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. СОңғы шешімді құзырлы орган қабылдайды», - дейді Есіл ауданы ПБ бастығы полиция подполковнигі Ерлік Есләмбеков.

Бұл – жыл басынан облыс жолдарында малдың қатысуымен тіркелген екінші жол-көлік оқиғасы. Жалпы, СҚО-да 8 айда 100-ден астам жол апаты тіркелді, салдарынан 20 адам көз жұмып, 149 адам жарақаттар алды.

«Жүргізушілерге жол үстінде аса сақ болуға кеңес береміз. Көлік тізгіндеу кезінде өте мұқият болу қажет, жол белгілеріне де мән берген абзал. Сондай-ақ, жолдарда үй жануарларының ғана емес, түз жануарларының да кенеттен пайда болуына дайын болу керек. Бұл әсіресе, түнгі уақытта және маусымаралық шақта; күзгі жауын-шашында, көктайғақта маңызды», - деді Есләмбеков.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.