Павлодарда мәйіттің қасы мен шашын қырып тастаған
48 жастағы тұрғын ауылдасының үйіне мал союға кетіп, қайтып оралмаған
Павлодарда Сарықамыс елдімекенінің 48 жастағы тұрғыны ауылдасының үйіне мал союға кеткен күйі оралмаған. Ал туыстары оның мәйітін бір күн өткен соң сол үйден тауыпты. Марқұмның неден көз жұмғаны белгісіз. Жақындарының айтуынша, оның шашы мен қасын қырып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ауылдасының үйіне өз аяғымен кеткен Тұрысбек Қабдыраш шаңырағына табытпен оралды. Туыстары оның өліміне ауылдасын айыптап отыр. Өйткені оқиға болатын күні марқұмды ауылдасы жылқы союға көмектесуін сұрап, өзі келіп ертіп кеткен.
«Жоқ» деп мені қақпасынан үйіне кіргізбей қойды. Сөйтсе жазғы үйінде өліп жатыр екен. Қан-қан жазғы үйдің іші, тамшы-тамшы қан жатты. Жан сақтап отырған жұбайымнан айырылдым. Қалай күн көремін», - дейді марқұмның әйелі Цэцэггүл Түркістан.
Ал марқұммен сол күні бірге болған өзге тұрғыны ештеңе көрмегенін айтты. Не болғанын да білмеймін дейді.
«Үстелде мызғып кетіппін. Қарасам, қасын алып тастапты. Сол екі ортасын білмеймін. Қай кезде алып тастағанын білмеймін. Мен кеткенде Тұрысбек үстелде ұйықтап жатты. Алмат та, Пашка да болған жоқ», - дейді оқиға куәгері Талғат Жүсіпов.
Ал жақындары марқұмды зорлықпен өлтірген болуы мүмкін дейді. Мәйітті көрген куәгерлер оның қасы мен шашын қырып тастағанын айтады.
«Түнде қайтыс болған адамды түскі бірге дейін ауылға хабарламаған. Әйелі іздеп барған сұраған. Қасын ұстарамен қырып алып тастаған. Мәйіттің шашында ұстарамен жартылай алып тастаған», - дейді көршісі Мұрат Батталұлы.
Ал Полиция департаменті мұны жоққа шығарды.
«2021 жылдың 14 қыркүйегі күні Екібастұзға ауылдық аймағына қарасты ауылдардың біріндегі жазғы ас үйден 1973 жылы туылған адамның мәйіті табылды. Денесінде зорлық іздері болған жоқ. Сараптама қорытындысы бойынша өлімге алкогольдік интоксикация себеп болған», - деді Павлодар облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.
Марқұмның туыстары оның арақтан өлді дегеніне сенбейтінін айтады. Күдікті бұрын ауылда учаскелік полиция болған дейді. Қазір зейнеткерлікке шыққан. Сондықтан ол жазадан сытылып кете ме деп қорқады.