Алматы облысының тұрғыны әйелін өлтіріп, мәйітін суға ағызып жіберген
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Алматы облысында әйелін өлімші етіп сабап, денесін су арнасына тастаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«12 қыркүйек күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Үлкен Алматы каналынан әйел адамның мәйітін тауып алған соң дереу полицияға хабар берген. Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті. Ақпарат расталды», - деп жазды облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев өзінің Facebook-парақшасында.
Бірқатар жедел шара қабылдаған Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері марқұмның жеке тұлғасын анықтады. Ол Талғар қаласының 37 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеушілер оның өліміне 48 жастағы күйеуінің қатысы бар-жоғын тексеру барысында, оның қылмыстық іске күдікті екенін анықтаған.
«Ұсталған ер адам 6 қыркүйек күні әйелімен жанжалдасып қалған соң оны ұрып-соққанын, сондай-ақ, қылмысын жасыру үшін әйелінің денесін түнге қарай алып шығып, Үлкен Алматы каналына лақтырып жібергенін мойындады», - деп жазды облыстық ПД басшысы.
Қазіргі уақытта күдікті уақытқа қамау изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.