ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Павлодарда құтқарушы өрт болған үйден жеті жасар баланы алып шықты

Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда

Жеткіншекке медициналық көмек қажет болмады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндірушілер келгенге дейін подъезден 5 адам өз бетінше сыртқа шығып үлгерген, оның ішінде біреуі - бала.

3 қыркүйекте 11 сағат 49 минутта №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктінің пультіне Екібастұз қаласы Бауыржан Момышұлы көшесі, 60 мекенжайында орналасқан пәтердің жанғаны туралы хабарлама  түскен.

«Шақыру орнына № 2 және № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары жіберілді. Барлау барысында шақыру орнына келген бойда бес қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтердің жуыну бөлмесінде жалпы ауданы 4 шаршы метр кір жуғыш машина мен үй заттары жанғаны анықталды. Сонымен қатар, кіреберісті қатты түтін басқан», - дейді № 2 МӨСБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Кеңес Жұмабай.

Жанып жатқан пәтерден қалың қара түтін шығып, темір есік жабық болған. Жедел темір есікті ашқаннан кейін құтқару жасағының қызметкерлері, газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны азаматтық қорғау старшинасы Жақсылық Әмірхановтың басшылығымен жанып жатқан пәтерге кіріп, барлау жүргізілген.

«Пәтерде адамдар болмаған соң өрт сөндірушілер өртті сөндіруге кірісті. Осы уақытта  Әмірханов жоғары орналасқан пәтерлерді барлауға шықты. Қауіпсіздік бекетіндегі ақпаратқа сәйкес, оған қарт әйел келіп,  пәтерде жеті жасар немересі бар екенін айтқан. Жақсылық дереу далаға шығып, пәтердің кілтін алып,  балаға жүгіре жөнелді. Баланы аман-есен алып шығып, әжесіне тапсырды», - дейді Кеңес Жұмабай.

Тілсіз жау 12 сағат 12 минутта сөндірілді.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.

​Оқиға орнында жеке құрамнан 12 адам және 4  техника жұмыс істеді.