$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2021, 09:52
Оқиғалар

Байзақтағы жарылыс, Қабатовтың қызына қатысты дау, қуаңшылық пен Олимпиада

Жаздың үш айында болған атышулы оқиғалар

Байзақтағы жарылыс, Қабатовтың қызына қатысты дау, қуаңшылық пен Олимпиада

Жадырап жаз өттті. Айтулы, атышулы оқиғаларға толы болды. Жаз маусымы Түркістан облысында жоғалған бір топ студенттің оқиғасымен елді алаңдатса, соңы 15 адамның өмірін қиған Байзақ ауданындағы жарылыспен аяқталып жатыр.

Azattyq Rýhy тілшісі жаз маусымында Қазақстанда болған ең шулы оқиғаларды тізіп шықты.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖОҒАЛҒАН СТУДЕНТТЕР 

Мамыр айының соңғы күндері Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 студент жоғалып, олардың төртеуі бір ай уақыт ішінде өлі күйінде табылады. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді. Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі. Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты бірнеше күн бойы іздестірді. 28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. 8 маусымда Өгем өзенінің бойынан жоғалған студенттердің заттары табылды. 12 маусымда Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірінің денесі табылды

МАЛДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ, МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚУАҢШЫЛЫҚ

Қазақстанның бірнеше өңіріндегі ауа райының шамадан тыс ысуы құрғақшылыққа әкеп соқты. Салдарынан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында бұрын соңды болмаған қуаңшылық болды. Әсіресе, жауын-шашынның аздығынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстау облысында өлген мал саны 1162 басты құрады, бұл облыстың жалпы мал басының 0,13% құрайды. Оның ішінде: ірі қара мал - 49 бас, қой мен ешкі – 503 бас, түйе – 66 бас, жылқы – 544 бас. Үкімет резервінен Маңғыстау облысына 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, республиканың түкпір-түкпірінен еріктілер жұттан зардап шеккен ағайынға шама-шарқы жеткенше көмек беріп жатыр.

ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫ

Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада - Қазнетте ең көп талқыға түскен тақырыптардың бірі болды. Олимпиадада сегіз қола медаль алған Қазақстан жалпы командалық есеп бойынша 83-ші орынды иеленді. Олимпиадаға барған спортшылардың дайындығы үшін бюджеттен 15 миллиард теңге жұмсалған. Одан бөлек, Олимпиаданың мемлекеттік арналардан транцляциалануы соңғы күнге дейін белгісіз болды. Нәтижесінде, Олимпиада ойындарын Qazaqstan арнасы көрсетті. Оның өзінде кейбір жарыстарды қазақстандықтар ұлттық арнадан емес, көршілес Өзбекстан елі арқылы қарады. Мұндай техникалық ақаулар қазақстандық көрермендерді қатты ашындырды. 

АЯ МАНТАЙДЫҢ ӨЛІМІ

29 шілде күні өз оқырманын тауып үлгерген жазушы Аягүл Мантай өз-өзіне қол жұмсады. Интернеттегі кибербуллингті көтере алмай, қыршынынан қиылған қыздың тағдыры әсіресе қазақтілді желі қолданушыларын дүр сілкінтті. Жазушының құрбысы Бану Оңдасынованың айтуынша, белгілі тележурналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызының жазбалары Аягүлді күйзеліске түсірген. Түркістан облысының полицейлері жазушының жұмбақ өліміне қатысты «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Әзірше тергеу амалдары жалғасуда.

ҚУАТ АХМЕТОВ ЖӘНЕ АБАЕВТЫҢ СҰХБАТЫ

Тамыз айыныдың басында «Til Maydani онлайн партиясы» Youtube арнасының авторы, азаматтық белсенді Қуат Ахметовтің сауда орындары мен мемлекеттік мекемелерге барып, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған видеолары Қазақстанда ғана емес, Ресейде де қызу талқыға түсті.

Ресейлік басылымдар Ахметовтің әрекетін «орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру» деп бағалап, Мәскеу Қуат Ахметовке 50 жыл бойы Ресей аумағына кіруге заңмен тыйым салды. Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев Ахметов бастаған қозғалыстың әрекетіне «үңгірдегі ұлтшылдық» деп баға берді. 12 тамызда жарияланған Абаевтың мәлімдемесі қазақ қоғамында барынша көп талқыланды.

ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВТЫҢ ҚЫЗЫНА ҚАТЫСТЫ ШУ

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың биыл мектеп бітірген қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа адам кірген. Полиция ақпаратына сәйкес, оқиға 13 маусым күні болған. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ-ға жалған құжатпен қатысқан түлектерді анықтады.

«Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді полиция департаментінде.

ҰБТ барысында тіркелген заң бұзушылықтар туралы мәліметтерді Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры Дидар Смағұлов 15 маусымда, яғни, оқиға болған күні жариялаған. Бірақ аталған ақпаратты қоғам 15 тамыз күні адвокат Абзал Құспанның жазбасынан кейін білді. Аталған мәселе туралы әзілкеш өзі де бейхабар болып шыққанын, қызын ҰБТ-ға дайындағын ұстазы алдап соқты деп отыр.

«ХАБАР 24» ТІЛШІСІ МЕН ӘКІМДІК КҮЗЕТШІСІ

24 тамыз күні Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтен сұхбат алмақ болған журналисті көтеріп алған күзетшінің әрекеті жаздың соңғы күндеріндегі ақпараттық шуға себеп болды. «Хабар 24» арнасынан эфирге шығатын «Әкім» бағдарламасының жүргізушісі Ақбөпе Тәңірбергеннің әрекетін біреулер жақтаса, енді біреулер карантин талаптарын сақтаған күзетшінікі дұрыс десті. Аталған жағдайға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевада пікір білдірді. Журналист аталған жағдай бойынша күзетшінің үстінен полицияға арыз жазған. Ал, аудан әкімі қызметкерін ақтамайтынын, бүгінгі таңда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде 15 адам қаза тауып (соңғы мәлімет), 100 шақты адам жарақат алды. Қазақстанда мұндай жарылыс алғаш рет болып отырған жоқ. Соңғы он жыл ішінде бір ғана Арыс қаласының маңында төрт жарылыс болды. Осы оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Қорғаныс министрі лауазымына Мұрат Кәрібайұлы Бектанов тағайындалды.

Әзірлеген: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары