Жамбыл облысында 1200-ге жуық адам эвакуацияланды
Тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген елдімекендерді полицейлер қоршап, күзетке алды
Қоғамдық тәртіпті сақтау және тонауға жол бермеу мақсатында тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген елдімекендерді қоршап, күзету жұмыстары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ішкі істер министрінің бұйрығымен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге Жамбыл облыстық Полиция департаментінің 300 полицейі мен 47 автоэкипажы, сондай-ақ, Ұлттық гвардияның 520 сарбазы жұмылдырылды.
Оқиға орнына апаратын жолдар, оның ішінде, Тараз – Алматы автожолдары мен теміржолы жабылды», - делінген ІІМ баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының мектептеріне 1200-ге жуық адам – Байзақ ауданының Қайнар, Ботамойнақ, Жібек жолы ауылдары мен Үшбұлақ станциясының тұрғындары эвакуацияланған.
Жамбыл облысындағы әскери қойманың өртенуі фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 462-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
«Қоғамдық тәртіпті сақтау және тонауға жол бермеу мақсатында эвакуацияланған елдімекендерді қоршап, күзету жұмыстары ұйымдастырылды.
Ішкі істер министрлігі сонымен қатар, сенімсіз немесе қасақана жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін ескертеді», - делінген ақпаратта.