Алматыда Шығыс айналма жолы маңынан өрт шықты
Өрт сөндірушілер өртті жақын маңда тұрған жанармай бекетіне жеткізбей сөндіріп үлгерді
Алматыда Шығыс айналма жолы маңындағы тау баурайында тағы құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт туралы ақпарат «101» нөміріне 26 тамыз күні кешкі сағат 20.5-де түскен.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Медеу ауданына қарасты Төле би және Шығыс айналма жолы жанында шыққан.Оқиға орнына қалалық ТЖД өрт сөндіру күштері жіберілді.
«Биіктігі 1,5 метр болатын құрғақ шөп өртенген. Өрттің жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде, өрт 40 минут ішінде ауыздықталып, сағат 21.41-де толықтай сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД құрамының 30 өкілі, 6 бірлік техника жұмылдырылды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндірушілер өрттің жақын маңда тұрған жанармай бекетіне таралмауының алдын алды.
Қазіргі уақытта қызыл жалынның шығу себептері анықталып жатыр.