Талибандар түскі асты дәмді әзірлей алмаған әйелді тірідей өртеп жіберген
Содырлар өздері жаулап алған аудандардың басшыларынан тұрмысқа шықпаған қыз-келіншектердің тізімін жасауды талап еткен
«Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның солтүстік аймағында «түскі асты дәмді етіп әзірлей алмады» деген сылтаумен жас келіншекті тірідей өртеп жіберген. Бұл туралы Sky News эфирінде бұрынғы судья, құқық қорғаушы Наджла Аюби айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The New York Post басылымының жазуынша, содырлар келіншекті тамақ әзірлеуге мәжбүрлеген, алайда әйелдің пісірген тамағы олардың көңілінен шықпаған. Келіншекті «асты нашар даярлайды» деп айыптаған талибандар оны тірідей өртеп жіберген.
Америка Құрама Штаттарына қашып кеткен құқық қорғаушы Ауғанстандағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен өлтіру деректерін жинап, жариялаумен айналысады. Аюби сондай-ақ, тәліптердің әйелдерді секс-құлдыққа алып кетіп жатқанын айтады. Содырлар жас қыз-келіншектерді Ауғанстанға көршілес елдерге сатып, табытқа салып жөнелтіп жатқан көрінеді.
Бұған дейін хабарланғандай, қозғалыс командирлері мәжбүрлі түрде өз сарбаздарына беру үшін өздері жаулап алған аудандар мен қалалардың басшыларынан тұрмысқа шықпаған қыз-келіншектердің тізімін жасауды талап еткен. Тәліптер талап еткен қыз-келіншектердің жасы бұрын 15-45 жас аралығында болса, енді құлдыққа 12 жасқа толған қыз балаларды да алып кете беретін болған.