Алматыда демалушылар атқан отшашудан тау бөктері өртке оранды
Шатқалдан шыққан өртті 50 адам жабылып, әрең сөндірген
Алматының Бостандық ауданына қарасты тау бөктерінде демалушылар атқан отшашу салдарынан өрт шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға 21 тамыз күні қаладағы Дулати көшесінде, экокөпірден жоғары орналасқан Алма-Арасан шатқалында болған.
Оқиға орнына жедел түрде Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті табиғи өртті сөндіру жасағы, сондай-ақ Іле Алатауы Ұлттық саябағының қызметкерлері жіберілген.
«Тау бөктерінің биік болу себепті өрт сөндірушілер өрт ошағына жаяу барды. Оқиға орнына келіп жеткенде, ондағы қураған шөп, бұта өртеніп жатқаны анықталды. Қолданған шаралардың арқасында жалын бір сағатқа жетпей, яғни сағат 20:54-те сөндірілді, өрт бес шаршы метр аумаққа тараған», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өртті сөндіру жұмыстарына Іле Алатауы Ұлттық саябағының 24 қызметкері, 4 техника бірлігі, ТЖД жеке құрамының 25 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған. Куәгерлердің айтуынша, өрттің шығуына бір топ демалушының отшашу ұйымдастыруы себеп болуы әбден мүмкін. Демалушылар оқиға орнынан бірден қашып кеткен.
«Өрт болған орыннан бірнеше шақырым жерде салют жіберілгені байқалды, оқиға орнына ТЖД мен Ұлттық саябақтың қызметкерлері жіберілді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 367-бабының 3-бөліміне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін 35 жастағы ер адам 100 АЕК ( 291 700 теңге) көлемінде айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.