Павлодарда суға батып кеткен баланың денесі төрт күннен кейін табылды
12 жасар ұл баланың денесі автомобиль көпірінің астынан табылған
Павлодарда суға батып кеткен баланың денесі төрт күннен кейін табылды. Баланың денесін «VITA» іздеушілер жасағының еріктілері тауып алды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Іздеушілер жасағының жетекшісі Екатерина Кудрявцеваның айтуынша, 12 жасар ұл баланың денесі автомобиль көпірінің астынан табылған.
«Бүгін баланың денесін іздегенімізге төртінші күн. Көмектесуге келген адамдармен бірге автокөлік көпірінің астына қайықпен өтіп, сол жерден таптық. Денесін жағаға шығарып, құтқарушыларды шақырдық», - деді ерікті
Еске салайық, 19 тамыз күні орталық жағалауда достарымен бірге шомылып жүрген 12 жасар бала суға батып кеткен еді.
«VITA» іздеушілер жасағының мәлімдеуінше, достары қорыққаннан үлкендерге болған жәйт туралы бірден айтпаған.