Қызылордада ер адам айыптұраққа қойылған өз көлігін ұрлап кеткен
Көлік Жаңақорғандағы көшелердің бірінен табылған
Оқиға Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауылында болған деп жазады Kolesa.kz.
Полицейлер 29 жастағы жергілікті тұрғын тізгіндеген ВАЗ-2107 көлігін тоқтатады. Жүргізушінің ішімдік ішкені анықталған соң тәртіп сақшылары хаттама толтырады да, машинаны айыптұраққа жібереді.
Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, сол түні 102 нөміріне белгісіз біреудің тұрақ дарбазасының құлпын бұзып, жақында жеткізілген ВАЗ-2107-ні айдап кеткені туралы хабар түседі. Облыс бойынша «Тосқауыл» жоспары жарияланып, көп ұзамай көлік Жаңақорғандағы көшелердің бірінен табылған. Сөйтсе, айыптұрақтағы машинаны иесі алып кеткен екен.
«Ер адам қылмысын мойындады, бірақ сол сәтте қатты мас болғандықтан есінде ештеңе қалмаған», - делінген хабарламада.