Ақтөбелік қыздың өлімі: «Сүйіктісі алдап пәтерге шақырып, тұншықтырып тастаған»
Прокурордың сөзінше, өлім себебі қызғаныштан болған
Ақтөбенің арнайы ауданаралық қылмыстық сотында Ахмет Жұбанов атындағы университет түлегі, 22 жастағы Әсем Эльбрусованың өліміне қатысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Рика» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Әсем психология бөлімін аяқтаған. Ол бір жарым жылдай жігітпен кездесіп жүрген. 2019 жылы тамызда сүйіктісі Әсемге ұсыныс жасап, ата-анасымен таныстырамын деп алдап пәтеріне шақырған. Ол жалдамалы пәтерде қызды тұншықтырып, оның денесін үйде бір күннен аса уақыт ұстаған. Іс материалдары бойынша, күдікті - Әсемнің сүйіктісі Бақыт Орынбасаров.
Сот отырысының басында прокурор қылмыс фабуласын айтып берген. Прокурордың сөзінше, өлім себебі қызғаныштан болған екен.
«Тағы бір нұсқа бойынша, Әсем сүйіктісіне ескертпей түсік жасатқаны себеп болған. Ер адам өзінің кінәсін толық мойындады. Қылмыс жасағаны үшін күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Ал «Ақтөбе Таймс» мәліметінше, Әсем - үйдегі жалғыз бала болған. Осы уақытқа дейін күдіктінің туыстары оның ата-анасынан кешірім сұрап келмеген екен.