«Базар әкімшілігі қаулыны дұрыс түсінбеген». Атырауда саудагерлер митингке шықты
Әкімдіктегілер саудагерлер кешкі сағат жетіге дейін жұмыс істей алатынын түсіндірді
27 шілде күні кешкісін Атыраудағы «Дина» базарының саудагерлері жұмыс уақытын ұзартуды сұрап, митингке шықты. Базар әкімшілігі оларды сағат 15:00-ден кейін сауда орындарынан шығарып жіберген соң наразылық білдірді, деп хабарлайды azh.kz.
Жиналғандар жұмыс уақытын сағат 19:00-ға дейін, тым болмаса 18:00-ге дейін ұзартуды сұрады. Өйткені, олардың айтуынша, сатып алушылар тек сағат төрттен кейін көбейеді.
«Сағат үшке дейін сауда жасап үлгермейміз. Мойынымызда несие бар, одан қалды, жалға алу құнын төлеуіміз керек. Бетперде киіп, санитарлық талаптарды сақтаймыз. Ашық аспан астында тұрғанда коронавирус жұқпайды деген ақпарат шыққан жоқ па?», – дейді саудагерлер.
Жиналған топқа Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат Емберген мен Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары келді. Олардың айтуынша, базар әкімшілігі соңғы шыққан №15 қаулыны дұрыс түсінбей қалған.
«Карантин шаралары күшейгені рас. Сауда үйлері мен орталықтарының уақытын шектегенімен, ешкім базар уақытын шектеген жоқ. Яғни, базар кешкі сағат 19:00 дейін жұмыс жасай алады. Қаулыны дұрыс оқымай, осындай дүрлігуге себеп болған «Дина» базарының әкімшілігімен түсінік жұмыстары жүргізілетін болады», - деді Самат Емберген.