ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 870 мыңнан асты

Жас баланы зорлау: Қарағанды облысында мешіт молдасына қатысты үкім жарияланды

Прокурор сотталғанды кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады

көрнекі сурет

Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жас қыз балаға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет зорлау фактісі бойынша үкім жарияланды (ҚК-тің 120-б. 4-б.).

«2020 жылдың 3 қаңтарында К. Есімді азамат ауыл мешітінің молдасы қызметін атқарып жүріп, А-лардың отбасына үй мен мал шаруашылығына көмектесіп жүргенде, үйде үлкендердің жоқтығын пайдаланып, сол үйдің баласы (06.11.2006 жылы туған), жас қыз баламен оның еркінен тыс күштеп жыныстық қатынасқа түскен», - делінген сот анықтамасында.

Одан бөлек, 2020 жылдың ақпан, наурыз, маусым айларында сотталған бірнеше рет, яғни үш рет жас қыз баланы зорлаған. Нәтижесінде, жас қыз бала жүкті болып қалған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындылары және т.б. материалдармен дәлелденді.

Прокурор сотталғанды Қылмыстық кодекстің 120-б. 4-б. бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі прокурормен келісті.

Қорғаушы тарап, сотталушының кінәсін жартылай мойындағандығын ескеріп, оны катаң жазаламауды сұрады.

Сот үкімімен К. жас баланы, оның дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет зорлағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК-тің 120-б. 4-б.), оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде тағайындалды.

Іс бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Қылмыстық заңда осындай қылмыс үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазаны тағайындау кезінде сотталғанның бала кезінен үшінші топтағы мүгедек екені, бұрын сотты болмағаны және кінәсін жартылай мойындағаны, сонымен қатар жәбірленушінің пікірі ескерілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.