ҚТЖ пойызда зардап шеккен әйелдің мәлімдемесін жоққа шығарды
Жақында «Азаттық рухы» порталында пойызда күйіп қалған балаға көмек көрсетпеген қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жарияланды

2019 жылдың 3 маусымында №377-378 «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы пойызда жолаушы әйелдің 1,5 жасар қызының үстіне ыстық су төгіліп, кеудесі тұтастай күйіп қалған. Бұл оқиға 2019 жылдың 3 маусымында «Бейнеу» стансасына жетпейтін тұста болған. Баланың анасы Альбина Ташмұхамедованың айтуынша, пойыз қызметкерлері алғашқы көмек көрсету үшін баланың күйген денесіне тіс пастасын жаққан, сондай-ақ көмекке мұқтаж ананы сәбиімен бірге «Бейнеу» стансасында қалдырып кеткен.
Баланың анасы пойыз жолсерігінен бірде-бір дәрі табылмағанын айтты. Сонымен қатар, бұл жағдай осыдан 6 ай бұрын болса да, күйген балаға көмек көрсетпеген қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс енді қозғалып отыр.
Пойызда болған жағдайға байланысты «Азаттық рухы» порталына «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі жауап берді. Компанияның жауабында медициналық бригада қызметкерлері балаға толыққанды көмек көрсетіп, оны ауруханаға жатқызуды ұсынғанын, бірақ жолаушы А.Ташмұхамедова одан бас тарқаны айтылған.
«Жол жүру барысында кәмелетке толмаған жолаушымен жазатайым оқиға орын алды. Пойыз бригадасының қызметкерлері балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жақын арадағы стансаға жедел жәрдем шақырды. Пойыз Бейнеу стансасына келген соң медициналық бригада қызметкерлері балаға толыққанды көмек көрсетіп, оны ауруханаға жатқызуды ұсынды. Бірақ жолаушы А. Ташмұхамедова одан бас тартты. Осы факті бойынша Бейнеу ст. бойынша жедел жәрдем тіркеу журналында жазба бар (03.06.19 ж.)», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми жауабында.
Компанияның жауабында күйген баланың анасы пойыз қызметкерлері көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіргені айтылған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес шара қолданған. Осы оқиға бойынша арнайы акт толтырылып, Альбина Ташмұхамедова өз атынан пойыз қызметкерлеріне наразылығы жоқ екендігі туралы қолхат жазған. Онда А. Ташмұхамедова уақытылы көрсетілген көмек үшін жолсеріктерге алғыс білдірген», - дейді компания баспасөз қызметі.
Ал, бұған дейін А. Ташмұхамедова порталымызға пікір білдіріп, пойыз басшысының «алғашқы медициналық көмек» көрсеткендерін қағазға қолхат қып жаздырып алғанын айтқан еді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы осы оқиғаға байланысты өкініш білдіріп, құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқандықтан өзге мәліметтерді кейінірек жариялайтындарын жеткізді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы