ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

Ақтөбеде жолаушылар мінген автобус аударылды

Автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен

Ақтөбеде ішінде 23 адам отырған жолаушылар автобусы аударылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 желтоқсан күні кешкі сағат 17.00 шамасында Ақтөбе – Атырау – Астрахань автожолының 40-шы шақырымында көлік апаты орын алды. Жолаушылардың бәрі дін аман, жарақат алғандар жоқ.

Алдын ала болжам бойынша автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен. Жол полициясы мен Алға қаласының жол пайдалану пунктінің қызметкерлері жолаушыларға шұғыл көмек көрсетіп үлгерген.

«Ақтөбеден Алғаға бет алған автобус тайып кетіп, жол жиегіне аударылып қалған. Сол кезде жолда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері көмек көрсетіп, жолаушыларды эвакуациялап, бәрін Алға қаласына жеткізді. Автобус салонында жүргізушіден өзге, 22 жолаушы болған. Бәрі де дін аман», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.