Қызылордада конго-қырым қанды безгегіне шалдығу дерегі тіркелді
Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылының тұрғыны конго-қырым қанды безгеніне шалдықты
Қызылорда облысында конго-қырым безгегіне шалдығу дерегі тіркелді. Мұндай оқиға бұрын-соңды бұл өңірде қыс мезгілінде орын алған емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылы тұрғыны конго-қырым қанды безгеніне шалдыққан. Науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланды. Қазіргі таңда ол Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда. Науқас мал шаруашылығымен айналысады, жалданып мал бағады.
«Жедел хабарлама келіп түскен уақыттан бастап эпидемиологиялық топ құрылды. Ауру ошағында індетке қарсы іс-шаралар кешені толығымен орындалды. Аула, күл-қоқыс тастайтын орын, науқас мал бағатын шаруа қожалығындағы ошақта эпидемиологиялық топ мамандарымен залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілді. Ауылшаруашылығындағы мал атаулы кенеге қарсы «Креолин-Х» препаратымен залалсыздандырылды. Ауру шыққан ошақтан және малдан кенелер табылған жоқ. Эпидемиологиялық зерттеулер барысында науқаспен 9 адамның қарым-қатынаста болғаны анықталды. Олардың барлығы да медициналық бақылауға алынды. Оның ішінде, науқаспен тығыз қатынаста болған жұбайы мен қызы ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда олар профилактикалық толық емін алып, үйіне шығарылды. Науқасқа стандартты алгоритм бойынша ем тағайындалды. Бүгінгі күні науқастың жағдайы қалыпты», - деп мәлімдеді Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, кене шағу жағдайы орын алғанда міндетті түрде тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша медициналық көмекке жүгінуіңіз қажет. Көмекке ерте жүгіну арқылы аурудың асқынуын болдырмауға болады.
Негізінде, кенелердің белсенділігі наурыз бен қыркүйек аралығында байқалады, ал мамыр-шілде айларында тіптен күшейе түседі. Алайда, кене шағу деректері қыс мезгілінде де кездесіп жатады. Қазіргі таңда Қызылорда облысының оңтүстігіндегі Жаңақорған және Шиелі аудандарында ауа райы жылылығымен ерекшеленіп тұр. Сондықтан кенелер әлі де белсенділігін жойған жоқ.