Түркістан облысында қайынәпкесі келіннің бетін қызып тұрған шанышқымен күйдірген
Келіншек бала кезден жетім өскен
Түркістан облысында отбасылық жанжал барысында қайынәпкесі 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдірген. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-парақшасында жазды.
Жәбір көрген Гүлзира есімді келіншектің туғаннан ақыл-есінде тежеуі болған екен. Ата-анасы бала кезінде қайтыс болып, жетім өскен. Журналистің сөзінше, қайынәпкесі оның көнбістігін пайдаланып, әбден қорлық көрсетіпті.
«Гүлзира туғаннан ақыл-есі кеміс, адам баласына агрессиясы жоқ. Еңбекқор, жұмысқа төзімді, сауаты жоқ, ақша санай алмайды, кім не айтса соны істеп еріп кете береді. Ата-анасы бала кезде қайтыс болған жетім қыз. Өзі сынды жарымжан жігітпен бас қосты, 2 баланың анасы. Адам баласының көзіне тіке қарай алмайтын, өз сөзін жеткізе алмайтын келінге бәрінен бұрын қайын әпкесі Бағила қуанғандай. Бағила жекіп, ұрсып, кейіннен ұрып үйренді. Келін ешкімге айтпайды, не қашпайды, құда да тыныш құдағи да тыныш. Газ плитаны жумағанды көрсетем деп, шанышқыны отқа қақтап, бетіне басуы енді шектен шығу! Бұл сұмдықты да ешкім білмей өтер ма еді, сіңілісі кездейсоқ келіп қалып, үстінен түскен», - деп жазды Г.Әбіқай өз парақшасында.
Сіңлісі Гүлдарина әпкесін балаларымен бірге үйіне алып кеткен.