Іле Алатауында жоғалып кеткен турист табылды
Ол Мәншүк Мәметова шыңының мұздығынан түсе алмай қалған
Іле Алатауы тауларында Мәншүк Мәметова шыңына жалғыз аттанған ер адам іздестіріліп, жедел-құтқару жасағының көмегімен М.Мәметова шыңының мұздығынан табылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін мұздықты тексеру кезінде РЖҚЖ қызметкерлерінің жаяу тобы ер адамды тапты. Ол қатты тоңып қалған, құтқарушылар оған жылы киім берді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Қазіргі уақытта РЖҚЖ жедел тобы таудан туристпен бірге түсіп келе жатыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 18 шілде күні турист Іле Алатауы тауларында жоғалып кеткен болатын.
27 жастағы жас жігіт кеше таңертең шыңға көтерілетінін айтқан. Кешке турист досына хабарласып, шыңды бағындырғандығын, дегенмен оған көмек қажет екенін және өздігінен түсе алмайтынын ескерткен. Осыдан кейін ер адаммен байланыс үзілген.
Іздестіруді РЖҚЖ құтқарушылары Альпинизм федерациясының альпинистерімен бірлесіп жүргізді.
Жоғалған адамды іздестіруге «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.