«Төрт жыл күрескен»: Танымал тележүргізуші қайтыс болды
Тележүргізуші соңғы төрт жыл бойы ауыр дертпен күрескен
Қазақстандық танымал тележүргізуші әрі журналист Индира Жылқайдарова өмірден өтті. Қаралы хабарды журналист Жігер Сәрсен әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Индира соңғы төрт жыл бойы ауыр дертпен күрескен. Әріптестері оның қатарға қайта қосылатынына сеніп, ауруды жеңуге бар күшін салғанын атап өтті.
«Индира әріптесімізден айырылып қалдық. Қаралы хабарды естіп, төбемізден жай түскендей болып отырмыз. Соңғы төрт жыл ақтық демі қалғанша ауыр дертпен арпалысты. Бәрін жеңіп, қатарға қосыламын деген қайсарлығы, алға жетелеген алғырлығы ақыры сұм ажалға жол берді. Арманы асқақ, алары көп еді, амал не?» – деп жазды Жігер Сәрсен.
Журналист марқұмның жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтып, оның жанына Алланың рақымы жаусын деген тілек білдірді.
Индира Жылқайдарова отандық журналистикада көп жыл бойы еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін шыңдады. Оның шығармашылық жолының маңызды кезеңдері «Хабар» агенттігі мен «7 арнадағы» қызметімен байланысты. Бұдан бөлек, бірнеше жыл бойы парламенттік журналистика саласында еңбек етіп, Мәжілістің жұмысы, депутаттардың бастамалары мен заң шығару барысын ақпарат құралдарында тұрақты түрде қамтыды.