Астанада 672 миллион теңгені қалтаға басып, Италияға қыдырып келген дәрігерлер ұзақ жылға сотталды
Олар 7 және 8 жыл аралығына бас бостандығынан айырылды
Елордада емхана басшылары мен лауазымды тұлғалар қылмыстық топ құрған. Содан кейін азаматтарды емдеуге арналған бюджет қаражатын жымқырған. Төрт адам жалған шарттар жасап, сол қаражатты жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың шоттарына аударған. Кейін қаражатты қолма-қол ақшаға аударып, шығарып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында жымқырылған ақшаның бір бөлігі кәсіпорынның қажетіне жұмсалса, қалған бөлігі тұрмыстық техника сатып алуға, Италияға сапарға және жеке бас кредиттерін өтеуге жұмсалған. Жалпы залал көлемі 672 753 454 теңге болды.
Сотталушылар кінәсін мойындамаған
Сотта айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауды және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Прокурор бір сотталушыға 7 жылға бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау белгілеуді, ал қалғандарына мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сот олардың әрқайсысына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім бойынша бір адам 8 жылға, екіншісі 7 жыл 6 айға, тағы екеуі 7 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар олардың бәрі белгілі бір лауазымдарды атқару және қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Сот олардың біріне қатысты жазаны орындауды 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін кейінге қалдырды.
Еске салсақ, емханалардың басшыларының әрекеті биыл сәуір айында әшкере болған еді. Оларды прокуратура органдары Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жымқыру) бойынша тергеді.