«Сақ болған  жөн»: Мүфтият Исматулла Мақсұмға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдемесін әлеуметтік желісіне жариялады

«Сақ болған  жөн»: Мүфтият Исматулла Мақсұмға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2011 жылы 14 жылға сотталған Исматулла Мақсұмға қатысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, соңғы уақытта бірқатар интернет платформаларда сұхбат берген бірқатар азаматтар Исматулла Мақсұмның медреседегі жұмысы кезінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені туралы мәлімдеме айтқан еді.

«Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында Исматулла Мақсұм есімімен танылған азаматқа және оның қолдаушыларына қатысты бірқатар сұхбаттар мен жазбалар жарияланып, қоғамда кеңінен талқыланды. Осы ретте Исматулла Мақсұм және оны қолдаушылардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ екендігін мәлімдейміз. Олардың әрекеттері мен діни ұстанымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымымен сәйкес келмейді»,  - деп хабарлайды Мүфтият.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «дінімізде адам баласына зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, біреудің ақысына қол сұғу, адамды мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады» дегенді еске салып отыр.

«Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі мен рухани мұрасын қандай да бір жеке тұлғаның немесе топтың теріс діни пиғылда өз мүдделеріне пайдалануға болмайтынын жеткіземіз. Себебі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы – халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды дін атын жамылып, өзінің ғана діни ұстанымын дұрыс санап, адамды өзіне тәуелді етуге және соқыр сенімге үндейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырады», - деп хабарлайды Мүфтият.