БҚО-да ер адам әйелінің суретіне лайк басқан жігіттің қуығын екі жерінен пышақтап кеткен

Сот оны үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айырды

БҚО-да ер адам әйелінің суретіне лайк басқан жігіттің қуығын екі жерінен пышақтап кеткен
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық соты ер адамды қасақана пышақтаған күдіктіні кінәлі деп тауып, үш жылға шартты түрде соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, төбелес Instagram-дағы «лайктан» басталған.

Қылмыс биыл 10 мамыр күні түнгі сағат 02.00-де болған. Күдікті әйелінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасын қарап отырып, оның суретіне  «лайк» басқан жігітті көрген. Сондықтан жанжал шығарып, оны кездесуге шақырған көрінеді.

«Сотталушы төбелеске пышақ ала келген. Жанжал кезінде қалтасынан ағаш сабы бар жиналмалы пышақты алып шығып, әйелінің суретіне лайк басқан жігіттің қуық тұсына екі рет және жауырын тұсына бір рет пышақ сұққан. Содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлайды БҚО соттары.

Соттың дерегіне сүйенсек, жігіт ауыр жараланған. Оның ішкі ағзалары мен қабырғасы, кіндік тұсы жараланған. Сотта ер адам кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сондай-ақ мұндай әрекетті бұдан былай қайталамайтынын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.

«Судья оны Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекестің 63-бабына сай, жазасы шартты түрде ауысты», -  деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Енді ол 3 жыл бойы тұратын жері мен жұмысын өзгертпеуі керек, сондай-ақ дәмхана мен мейрамханаларға бармау керек. Түнгі сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінен шықпау керек.