$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.07.2021, 23:37
Оқиғалар

Ақмола облысында адам өліміне себепкер болған күдікті бостандықта жүр

Үш баламен жесір қалған келіншек марқұм күйеуінің полицей-әріптестерінен қолдау көрмегенін айтады

Асыраушысынан айырылған Меруерт 8 ай бойы көрмеген қорлығым жоқ дейді. Оның жолдасы былтыр қараша айында жол апатынан қаза тапқан. Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Бастау ауылында учаскелік полиция болып қызмет істеген Мәди Қадыров қызмет бабында көз жұмған, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

«Бірақ жергілікті құзырлы органдар тергеуді шала жүргізіп, күдікті бірден бостандыққа жіберілді» дейді шағымданған келіншек.    

3 баламен жесір қалған Меруерт жолдасы 10 жылдан астам қызмет істеген полиция учаскесінен ешқандай қолдау көрмеді дейді. Керісінше, оған жиі қоқан-лоққы көрсетіп, жәбірлегенін айтады. «Ал қайтыс болғаннан кейін мені шақырып, қысым жасады» дейді.

«Аудандық ІІБ кадр бөлімінің бастығы Саликов Әділбек Даниярұлы мені шақырып алып, видеоға түсіріп, істемегендері жоқ. «Сенің жолдасың күндіз сол күні мас болған, әріптестердің бәрі көрген» деді. Және ол кісі маған ақша ұсынып, «осы істі жылы жауып қояйық, осы ақшаны ал, жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды мойныңа іліп қоймағанымызға рақмет айт, осылай іс жабылғанына сен қуан» деп айтты», - дейді марқұмның жұбайы Меруерт Қадырова.  

Сараптамалық зерттеу нәтижесінде қаза тапқан Мәдидің қанында этил спирті анықталмаған. Сол түні ол қызмет көлігінің орнына, өзінің жеке көлігімен шақыртуға кетіпті. Себебі жұмыс орнынан берген көліктің қысқы дөңгелегі болмай, жөндеуде тұрған. Ауылға 500 метр қалған жерде инспекторды 31 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі келіп соққан. Алайда құзырлы органдағылар марқұм қызмет бабымен қаза таппады деп отыр. Оқиғаға дәлелді айғақ болатын марқұмның жеке заттарын жұбайына бермеген.

«Жолдасымның соткасын көрген емеспін, маған көрсеткен де жоқ. Формасын 5 айдан кейін түсіме кіре бергесін, іздеп-іздеп моргтен таптым», - дейді Меруерт Қадырова.

Бұл бейнекөрініс Мәдидің жол апаты кезінде қызметтік формада болғанына дәлелдейді дейді Меруерт. Бірақ мұның тергеуде ескерілмей отырғанын түсінбейді. Марқұмның әкесі тергеу ісіне күдікпен қарайтынын айтты. Оның айтуынша, құзырлылар кінәліні ақтап алып жатыр. Олар тіпті, оқиға болғаннан кейінгі дәлелдерді суытуға тырысты дейді.

«Ташетов түсініктемесінде 102-ге хабарластым дейді. Ал 102-де оның қоңырауы тіркелмеген. Әлдебір Дуткина деген адам сағат 2.30-3.00 шамасында хабарласты. Содан бұлар тойға барғандай сағат 6-да бір-ақ барған. Жедел дәрдемі, өрт сөндірушісі, барлығы бірге барады.  Бұлар демек, соғылғанын алдын ала білген, әдейі уақыт өткізген», - дейді марқұмның әкесі Қайреш Қадыров.  

Полиция қызметкерлері қаза табушының әйелімен бірде-бір рет оқиға бойынша тілдеспепті, оның орнына ескертусіз 11 жасар қызына қоңырау шалып, сұрақтар қойған. «Бұл әрекет  баланың жүйкесіне ауыр тиді, онымен қоса, тергеу тек біржақты жүріп жатыр, жол апаты болған жердегі фотосурет пен сызба бір-біріне сай келмейді» дейді жәбірленуші тарап. Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің бұл оқиғаға қатысты былай дейді:

«Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша М.К. Қадыровтың өлімі қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, қызметтен тыс уақытта болғаны анықталды. Қандай да бір шақыру туралы мәліметтер расталмады. Сот-медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес М.К. Қадыровтың қанында алкоголь табылған жоқ», - деді Ақмола облыстық полиция департаментілер.

Марқұмның жұбайы тергеудің кейбір нәтижелерімен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша, Ақмола облыстық полиция басшылығы істі бұрмалап, күдіктіні ақтап алып, барлық кінәні жолдасына жабуда.                       

«Аудандық ІІБ басшысы жолдасымды шақырып алып, «басқа аудана ауысқың келмесе, жұмыстан шыққың келмесе, биыл соғымдыққа 1 жылқы маған әкеп бересің» депті. Жолдасым не істерін білмей, КМВ-банктен барып, 600 мың кредит алады. Сол күні қалтасында 600 мың ақша болған. Енді ақшасы да жоқ, өзі де жоқ», - деп көзіне жас алады марқұмның жұбайы.  

Елордаға әділдік іздеп келген марқұмның жақындары Президентке хат жолдапты. Жол апатынан кейін көлік жүргізу құқығы да шектелмеген күдікті тиісті  жазасын алса дейді. Әділдік орнаса дейді.

Серіктес жаңалықтары