Атырауда өгей қызын зорлаған әкенің ісі: «Соттың әділ өтетініне сенбейміз!»
6 жасынан 13 жасына дейін өгей әкесінен зорлық көріп келген қыз үрейлі күйден арыла алмаған
Атырауда өгей қызын оқтын-оқтын зорлап келді (қыздың 6 жасынан 13 жасына дейін) деп айыпталған ер адамға қатысты сот ісі басталды. Бірақ жапа шеккен тарап соттың әділ өтетініне сенбей, арнайы брифинг ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы бұрын күйеуде болған атыраулық әйелмен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Әйелдің бұрынғы некесінен үш баласы бар. Өгей әке жеті жыл бойына ең кіші қызын зорлап, «Біреуге айтсаң шешең екеуіңді өлтіремін» деп қорқытқан. Ащы шындық ерлі-зайыптылардың арасында жанжал көбейіп, ажырасуға бел буған кезде жарыққа шығады. Осы кезде қызы анасына ұзақ жыл бойы не болғанын айтып берген. Анасы дереу полицияға арызданады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-тармағы бойынша («Жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») қылмыстық іс қозғалып, арнайы сараптамалар тағайындалады. Бірақ күдікті көпке дейін қамауға алынбайды. Тек қоғамдық шу шыққаннан кейін ғана ол қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалады.
«Қамауға алынғанға дейін Атырауда күн сайын қыз бен анасына қоқан-лоққы жасап, дыбыстық хабарлама жіберіп тұрды. Өгей әкесінің бостандықта жүргенінен 13 жасар қыздың әбден зәре-құты қашады. Осындай үрейлі күйде жүрген бала қорқынышты суреттер сала бастайды», – деді «НеМолчи.кз» қоғамдық қорының жетекшісі Дина ТАҢСӘРІ.
Биыл маусымда қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа жолданды. Алайда жәбірленуші тарап соттың әділ өтетініне сенбейді.
«Кеше алғашқы сот отырысы өтті. Сотта судья іске қатысы жоқ сұрақтарды қойды. Айыпталушы жақ та негізсіз сұрақтар қойып еді, судья ол сұрақтарды алып тастамады. Біздің өтінішіміздің бәрін қанағаттандырмай тастады. Сондықтан бізде сот әділ шешім шығармайды деген күмән пайда болды», – деді жапа шегуші тараптың өкілі Төребала МҰҚЫШЕВ.
Облыстық сот қазір сот процесі өтіп жатыр, ол аяқталмай ешқандай комментарий беру мүмкін емес деп хабарлады.