Түрмеде трансгендерді зорлады деген ҰҚК майорының ісі сотқа жолданды
Жыныстық қатынас түрме басшысының кабинетінде болған

Трансгендер әйелді түрмеде зорлаған майордың ісі сотқа жіберілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне екі бап бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол сотталған Виктория Беркходжаеваны түрме бастығының кабинетінде зорлаған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тергеу ісіне байланысты трансгендер әйел қазір Жауғаштыдағы ЛА-155/4 әйелдер колониясынан Іле ауданындағы ЛА-155/18 тергеу изоляторына ауыстырылған.
42 жастағы күдікті Сани Әбдіқашқа Қылмыстық кодекстің 121-бабы 2-тармағымен (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және 146-баптың 2-тармағымен (Азаптау) айып тағылған. Оның кінәсі толық дәлелденсе майор 10 жылға сотталуы мүмкін.
Танымал қорғаушы Айман Омарова ҰҚК майоры Жауғаштыдағы түрмеге еркін кіріп-шығып жүрген. Оның міндеті – экстремизм бойынша сотталған әйелдермен әңгіме жүргізу екен.
«Түрме басшысының кабинетін притон қылып жібергені өкінішті. Бір бұрышта тығылып, жасырын зорласа әңгіме басқа, бірақ ол бұл әрекетін ашық түрде басшының кабинетінде жүзеге асырған. Айта кетерлік тағы бір жайт, Беркходжаева бопсалау бабымен сотталған, алайда, оны радикал, экстремист әйелдермен бірге қамады, осы жері де түсініксіз», - дейді адвокат А.Омарова.
Фотода: адвокат Айман Омарова
Оның айтуынша, түрмедегі өзге де әйелдердің зорланбағанына кепіл жоқ. Ал, түрме қызметкерлері трансгендерді зорлау оқиғасын көре тұра ара түсуге әрекеттенбеген. Соның салдарынан зорлау дерегі бірнеше рет қайталаныпты.
«Әдетте сырттан келген адамдарды сотталушылармен оңаша қалдырмайды. Ал, түрме басшысы бұларға өз кабинетін берген. Бұл сәтте басшының нақты қайда болғаны да белгісіз. Қазір іс тергеліп, сотқа жіберілді, танысып шықтық. Бұл Қазақстан түрмесінде зорланған әйел ісінің ашылуы бойынша екінші жағдай», - деді Айман Омарова.
Жынысын өзгерткен трансгендер екі жыл бұрын бопсалау бабымен 7 жылға сотталған болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, Сани Әбдіқаш оны 19, 20 және 24 шілде күндері зорлаған. Аталған іске қатысты сот отырыстары алдағы уақытта Іле ауданында өтпек.
Еске салайық, Айман Омарова бұған дейін де түрмеде зорланған Наталья Слекишинаны қорғаған еді. Оны 2015 жылы Алматыдағы ЛА-155/18 түрмесінде мекеме қызметкері Руслан Хакимов зорлап, жәбірленуші әйел жүкті болып қалған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы