$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.07.2021, 16:38
Оқиғалар

Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылында шыққан дала өртін 2 күннен бері өшіре алмай жатыр

Ауыл тұрғындары әкімдіктің жауапсыздығына шағым айтуда

Қостанай облысы Арқалық қаласына қарайтын Жаңақала ауылының тұрғындары осыдан екі күн бұрын шыққан дала өртін әлі күнге дейін сөндіре алмай жатыр. Биліктен көмек күтіп шаршаған халық енді әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауда. Қызыл жалын ауылға кіре ме деген қауіп бар.

«Ауылдың кәрісі де, жасы да өртті сөндіруге кетті. Айналдырған бір ғана трактор бар, соған бөшке тіркеп, сонымен өшіруге тырысып жатырмыз, бірақ жұмыс өнбей жатыр. Қала жақтан ешқандай көмек жоқ, күте-күте шаршадық. Арқалықтан бір автобус адам келді көмекке, бірақ қолдарында құралдары жоқ, жалаң қолмен не істей алады? Күннің ыстығы мен самал жел жағдайды ушықтырып барады», - дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Оның айтуынша, әкімдік жіберген арнайы өрт сөндіру көлігі жолда батып бұзылып қалған. Дер кезінде көмек ала алмаған тұрғындар өрттің ортасында жалғыз қалғанын айтады.

«Ауылға назар аудармайды, көмек келмейді сырттан. Арқалықтың өзінде өрт сөндіру техникасы әбден ескірген. Суды дұрыс шаша алмайды. Бүгін таңертең ғана қаладан көлік келе жатыр деген хабар келді. Жанатыны жанып болғаннан кейін келген көмектің не керегі бар», - деп ренішін білдірді тағы бір тұрғын.

Azattyq Ruhy тілшісі Арқалық қаласының әкімдігіне хабарласып, істің мән-жайын сұрап білді.

Арқалық қаласы төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Данияр Рүстемов өрт шыққаны жөнінде хабар келгеннен кейін өрт сөндіру қызметі ауылға шыққанын айтады. Десе де, байланыстың жоқтығынан өртің сөнген-сөнбегені әлі күнге дейін белгісіз болып отыр дейді.

«Жаңақаладағы өртті сөндіру қол күшімен, арнайы өрт сөндіру автокөлігі көмегімен жүргізіліп жатыр. Әкімнің орынбасары мен ТЖ бөлімінің басшысы ауылға арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алды. Әзірге біз аталған ауылмен байланысқа шыға алмай отырмыз. Өрт 30 маусым күні басталған болатын. Күннің қатты ыстығынан әр жерде тұтанып, үлкен жалынға айналған. Көліктер өрт шықты деген хабарды естігеннен кейін жіберілді. Жолда қалып қойды деген ақпарат бізге келген жоқ. Ауылдың шет жағында байланыс дұрыс ұстамағандықтан дәл қазір өрттің сөнген-сөнбегені туралы нақты айта алмаймын», - деді Төтенше жағдай қызметінің өкілі.

Тұрғындар биыл өрттің жиілеп кеткенін айтады. Дер кезінде сөндірілмесе мал жайылымы мен шабындыққа кері әсерін тигізе ме деп үрейленеді.

Жаңақала ауылы Арқалық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 84 км қашықтықта орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша ауыл тұрғындарының саны 411 адамды құрайды.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#өрт #Арқалық