Қостанай облысында қасқырға таланған әйел қайтыс болды
Жыртқыш алдымен 19 жастағы жігітке шабуыл жасаған
Қостанай облысының Меңдіқара ауданында қасқыр тістеген әйел ауруханада қайтыс болды деп жазады Kstnews.kz.
Аталған ақпаратты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева да растаған. «Қасқыр тістегеннен кейін Меңдіқара аудандық ауруханасына түсіп, ем қабылдап жатқан әйел расымен де қайтыс болды. Өлімнің нақты себебін медициналық сараптамадан кейін айта аламыз», - деді ол.
Айта кетейік, 6 маусым күні Ұзынағаш ауылында жыртқыш алдымен 19 жастағы бозбалаға шабуыл жасаған. Кейін 50 жастағы әйелді тістепті.
«Әйел айырмен қорғанбақ болды. Бірақ, қасқыр бәрібір оны тістеп алды. Шуға ауыл тұрғындары келіп, Жақсылық Сәдуақасовқа дереу хабарласты. Ол ауылдағы мылтығы бар жалғыз адам. Нәтижесінде, ауыл адамдары қасқырды көлігімен ауыл ішінде қуып жүріп атып алды», - деді Ұзынағаш тұрғыны Жеңіс Силханов.
Мамандар қасқырдың өлексесін аудан орталығына алып кеткен. Оның ағзасында құтыру вирусы бар-жоғы анықталатын болады.