Петропавлда екі туысын пышақтап өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды

Қайғылы оқиға осы жылдың наурыз айында болған 

Петропавлда екі туысын пышақтап өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды
Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда туыстарын пышақтап өлтірген күдіктіге қатысты сот отырысы басталды. Елді елең еткізген оқиға наурыз айында тіркелген еді. Алматы тұрғыны туыстарына қонаққа келіп, түн ішінде 48 жастағы әйелді пышақтап өлтірген. Көп дене жарақатын алған 89 жастағы әжей ауруханада көз жұмды.

8 том. Сот ісі жан түршіктіреді. Күдікті 30 жастағы Алматы тұрғыны Бекболат Ғабдуллин өзінің Қызылжардағы туысқандарына түнде келіп, 3 адамды қан-жоса етіп пышақтап тастаған. Алған дене жарақаттырынан 48 жастағы отанасы, сол күні операция кезінде қайтыс болса, 89 жастағы әжей бірнеше күннен кейін көз жұмған. Ал үшінші жәбірленуші — 29 жастағы жігіт бір ай бойы төсек тартып, артынша аман қалды. Ол сотта наурызда болған оқиғаны бүге-шігесіз айтып берді. Барлық жәбірленушілер Петропавл қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарының туысқандары болып шықты. Күдіктіні сол кісілер ұстап, полицияға тапсырған. Бүгін алғашқы сот процесі барысында прокурор қаскөйдің шынайы мақсатын әшкерелеп берді.

«Айыпталушы туысқандарының үйінде көп ақша бар екенін біліп, тонамақ болған. Арам пиғылын жүзеге асыру үшін қолына пышақ алған. Күдікті Ғабдуллин туысқандарының үйіне бұған дейін келген кезде қай бөлмеде құнды заттар мен ақша жатқанын біліп алған. Соны ұрлап алу үшін осы қылмысқа барған», - дейді прокурор Дулат Жақанов.

Сот алдында жауап берген айыпталушы бұл ісін жұмыссыз қалып, белшеден қарызға батқандығымен түсіндірді. Қаскөй өз кінәсін мойындап отыр. Бірақ өзін ақтамақ болды. Қылмысты қасақана жасамағанын, бастапқыда адам өлтіру жайында ойына да келмегенін айтты. Бұрын ол әскери қызмет атқарған. Қандықол «мейман» соңғы кездері жұмыссыз жүрген.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.