Оралда төтенше жағдай жарияланды
Қалалық зират аумағынан контейнерге салынған сынап табылған
Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды. Қаладағы мектептер мен мекемелер жаппай жабылады деген суыт хабарды естіп, жұрт дүрлікті. Бірақ дүрлігуге негіз жоқ дейді құзырлы орын өкілдері. Белгілі болғандай, қалалық зират аумағынан контейнерге салынған сынап табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Улы металдың салмағы бір келіге жуықтайды. Төтенше жағдайларды бақылау департаменті жедел іске кіріскен. Олар сынап табылған жерді химиялық өңдеуден өткізді. Кейін сынаптың ауаға таралу деңгейін өлшеген. Қазір мамандар жағдайдың қалыпты екенін айтады.
«Қазір қала халқының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Экология департаментінің қызметкерлері табылған улы затты зертханаға арнайы ыдыспен жеткізді. Осыдан кейін қалада төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Бірақ алаңдауға себеп жоқ. Өйткені сынапты жою, залалсыздандыруға қаржы бөлінеді. Сондықтан төтенше жағдайдың жариялануы әдеттегі қалыпты процедура», - деді Орал қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Әділбек Қадыров.