ШҚО-да есірткі сатумен айналысқан ағайынды үшеу ұсталды
Есірткі Өскеменге еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкелінген
Шығыс Қазақстан облысында заңсыз айналымдағы есірткі заттарының жолын кесу бойынша арнайы операция барысында полиция назарына 35 пен 40 жас аралығындағы - үш ағайындыдан тұратын қылмыстық топ ілікті.
Ірі көлемде «гашиш» есірткі затын сапақ болған ағайынды үшеудің жоспары бұзылды. 27 мамырда аталған қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталды. Олардың әрқайсынан есірткі тәркіленді.
«Тінту барысында тәркіленген «гашиш» есірткі затының жалпы салмағы 10 келіні құрады, бұл екі мың рет қолданатын дозаға тең. Қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, аталған қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Ұсталғандардың айтуынша, есірткі Өскеменге еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкелінген. Қазір барлық мән-жайлар анықталуда, оларға тиісті құқықтық баға беріледі.