Атырау облысында 23 жұмысшы уланып қалды
Полиция департаменті осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады
3 маусымда Қарабатанда салынып жатқан газхимия кешеніндегі «BazisConstruction» ЖШС-нің 23 жұмысшысы асханада түскі асқа уланып қалды. Олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy АқЖайыққа сілтеме жасап.
«3 маусымда сағат 19.45-те «BazisConstruction» ЖШС-нің 21 жұмысшысы тамақтан улану белгілерімен №2 облыстық ауруханаға бір уақытта жеткізілді, 4 маусымда сағат 01.00-де тағы екі адам түсті, зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жатқызылды. Улану белгілері - бас айналу, құсу, әлсіздік және іш өту», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Түскі астан кейін жұмысшылар медициналық пунктен көмек сұраған. Содан кейін олар ЖШС көлігімен №2 облыстық ауруханаға жеткізілді. Басылымның мәліметі бойынша, алдын-ала диагноз - тағамдық токсикоинфекция. Уланғандардың ең кішісі 20 жаста, ең үлкені 49-да.
Алдын ала тексеру жұмыстары жұмысшылардың «BazisConstruction» ЖШС асханасында тамақтанатынын, ал тамақтануды ұйымдастыратын кейтеринг компаниясы – басқа жеке кәсіпкер екенін көрсетті. Асханада толассыз технологиялық процес сақталмайды, қосалқы орынжай қарастырылмаған, тоңазытқыштарда тауарлық көршілестік принципі сақталмаған, шикізат дайын тағаммен бірге сақталған, ас үй ыдыстары таңбаланбаған және мақсатына сай қолданылмайды, азық-түліктің қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ. Бүгінде асхана жабық,ол жерде дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.
«Науқастар «Манпар сорпасы», «Бұршақ сорпасы», сиыр етінен жасалған гуляш, қайнатылған шұжық, пісірілген тауықтың төс еті, қайнатылған қарақұмық, макарон, қырыққабат салаты ұсынылған түскі асты ішкеннен кейін уланғанын айтады», - деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция департаменті осы факті бойынша 304-баптың 1-тармағы бойынша (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді адамдардың жаппай улануына әкеп соққан бұзу) сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. «BazisConstruction» ЖШС-нің 300-ден астам жұмысшысы дәрігерлер бақылауына алынған.