«Пайызсыз несие шығарып беремін»: Түркістан облысында алаяқ әйел ұсталды
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Түркістан облысында пайызсыз несие шығарып беремін деп жұртты алдаған алаяқ әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып, шағымданады. Жәбірленушінің айтуынша, оны сатылымдағы киімдерін тұрақты сатып алатын сырттай танысы 2019 жылдың желтоқсан айында алдап, ақшасын алған. Яғни, банктердің бірінен жеті миллион теңге пайызсыз несие шығарып беремін деп, әбден сендірген. Содан осы ісі үшін жәбірленушіден 800 мың теңге ақшасын алған. Одан кейін алаяқ әйел, жәбірленуші әйелге берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған жайт Сайрам АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған алаяқ әйел, алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін толығымен мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.