Қызылжарда селфи жасамақ болған колледж мұғалімі мен студент қыз суға батып кетті
Марқұмдардың денесі оқиға орнынан 50 метр қашықта су түбінен табылды
Қызылжарда колледж оқытушысы мен студент «селфи жасаймыз» деп ажал құшты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға қала маңындағы демалыс орындарының бірінде болған.
Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, Мағжан Жұмабаев атындағы колледждің төртінші курс студенттері топ жетекшісімен бірге орманға серуенге шыққан. Суретке түсіп, ойнап-күліп, уақытты көңілді өткізген. Бірақ оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Студент қыздардың бірі ұстазымен ерекше кадр түсіру үшін Есіл өзенінің жиегіне бойлай кіреді. Алайда, қатты ағын оларды алысқа алып кетеді де, ешкім құтқарып үлгермейді.
«Бізге адамдардың батып кеткені туралы хабарлама сағат 17.05-те келіп түсті. Бір сағаттан кейін сүңгуірлер іздеу жұмыстарын қолға алды. 1994 жылғы мұғалім мен 2002 жылы туған студенттің денесі оқиға орнынан 50 метр қашықта су түбінен табылды», - деді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғужинов.