Ертісте балықшының қармағына іліккен адам сүйегі қола дәуірінен жеткен
Сан ғасыр бойы су түбінде жатқан жақ сүйектегі тістер бүлінбеген күйі сақталған
Ертіс өзенінен 3 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның жақ сүйегі табылды. Ежелгі адам қаңқасы қармаққа түскен. Сан ғасыр бойы су түбінде жатқан жақ сүйектегі тістер бүлінбеген күйі сақталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ақсу қаласының тұрғынының қармағына балық емес, адамның жақ сүйегі түскен. Әйел жанталаса полиция шақырыпты. Ал жергілікті тұрғындар бұны қылмыспен байланыстырып, тіпті қаңқа осыдан бірнеше жыл бұрын жоғалған жігіттікі деп болжап үлгерген.
Өзен жағасын түгел қарап, суды сүзіп шыққан құтқарушылар адамның басқа сүйегін таппаған. Ал сараптама судан шыққан жақ сүйек қола дәуірінде өмір сүрген адамдікі екенін анықтады.
«Жақ сүйегіне қарап оның орта жастағы ер адамдікі екенін білуге болады. Бұл 35-45 жастағы адам жақсы тамақтанған, тіпті физиологиясы жақсы болған болуы әбден мүмкін. Сүйекке шамамен 2,5 -3 мың жыл болған», - дейді археолог Виктор Мерц.