Павлодарда Абай ескерткішін қорлаған тұрғын ұсталды
Жас жігіт өз ісіне өкініп, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұрады

Жас жігіт өз әрекеті үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Іnstagram әлеуметтік желісіндегі пабликтердің бірінде полиция Абай Құнанбаев ескерткішінің қоқыспен ластанғаны түсірілген видеоны анықтады.
Полиция аталған факт бойынша тексеріс жүргізді. Тәртіп сақшылары қабылдаған шаралар нәтижесінде 21 жастағы Павлодар қаласының жұмыссыз тұрғыны анықталып, ұсталды. Жас жігіт өзінің бұл әрекетті сүйіктісімен жанжалдасып қалғаннан кейін және мас күйінде ашу үстінде жасағанын түсіндірді.
«Осы факт бойынша құқық бұзушы ҚР-нің ӘҚБК-нің 434-бабы бойынша жауапқа тартылды. Материал сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді. Осы баптың санкциясы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуды қарастырады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ол қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салумен ҚР ӘҚБК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жас жігіт өзінің жасаған ісіне өкініп, бүкіл Қазақстан халқынан кешірім сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар қаласындағы Абай Құнанбаевтың ескерткіші өткен жылдың 23 желтоқсанында орталық алаңда кқлы ақынның 175 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған болатын.