Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның туысы 10 тәулікке қамалды
Күдікті 16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында ұсталған болатын
Грузияда жұмбақ жағдайда қайтыс болған қазақстандық бойжеткен Әсел Айтпаеваның ісі бойынша күдікті деп танылған оның туысы сот санкциясы бойынша қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әсел Айтпаеваны Грузияға шақырып алған туысына қатысты 18 мамыр күні бұлтартпау шарасын санкциялау туралы Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімі жарияланды.
Сот мәліметінше, 16 мамыр күні Қазақстан астанасында ұсталған М. есімді азамат саралау тағайындалғанға дейін 10 тәулік бойы қамауда болады.
«М. есімді азамат Ә. есімді туысын пайдалану мақсатында Грузияда жұмысқа тұрғызамын деген сылтаумен шақырып алып, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан адам саудасы бабы (ҚР ҚК 128-бабы 4-бөлімі 2-тармағы) бойынша күдіктеліп отыр», - делінген сот хабарлаиасында.
Күдіктінің іс-әрекеті сараланған соң оған қатысты келесі бұлтартпау шаралары қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, қазақстандық Әсел Айтпаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Бойжеткен үйдің 8 қабатының терезесінен құлап кеткен. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен Грузияда ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр.
Сондай-ақ марқұмның туыстары оның өліміне қатысты өз болжамын жария еткен болатын. Олардың айтуынша, алыс туысы Әселді Грузияға жұмыс істеуге шақырған. Алайда Грузияға барған соң ол туысы Әселді зорлап, артынан жергілікті кәсіпкерге сатып жіберген. Көп ұзамай бойжеткен сол кәсіпкердің, яғни бүгінгі таңда қамауға алынған күдіктінің қолынан қаза тапқан, немесе оның көрсеткен қорлық-зорлығына шыдамай өзіне қол жұмсап қайтыс болған.