Әсел Айтпаеваның отбасы туысқанын Грузияға депортациялай алмай жүр
Қазақстандық құқық қорғау органдары жантүршігерлік оқиғаға қатысты жұмған аузын ашпай отыр
Грузияда жұмбақ жағдайда қайтыс болған қазақстандық қыздың ата-анасы бас прокуратураға арыз жазды. Айтбаевтар отбасы баласы мерт болғалы бері туысқаны Мұрат Мейірбековті Грузияға депортациялай алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өйткені қыздарын шетелге жұмысқа алып кетіп зорлады деп күдіктенеді. Әзірге қылмыстық іс бойынша бір ғана күдікті бар. Ол – Грузия азаматы Бесик Тордуа. Бүгін алғаш рет бізге сұхбат берген Әсел Айтпаеваның әкесі қызы туралы жазылып-айтылып жатқан ақпараттарды жоққа шығарды.
Әсел Айтпаеваның көз жұмғанына он күндей уақыт болса да, қазақстандық құқық қорғау органдары жантүршігерлік оқиғаға қатысты жұмған аузын ашпай отыр. Ақмола облысының полицейлері Ішкі істер министрлігіне, министрлік Бас прокуратураға бағыттаудан әрі аса алмай қойды. Сыртқы істер министрлігі де о баста «бәрі бақылауда» деп, бұл істен ат-тонын ала қашқан.
Бойжеткенді дүниеге әкелген әке-шешесі бас прокуратураға бас сұғып, күйеу баласы Мұрат Мейірбековті Грузияға экстрадициялауды сұрады. Әселдің ата-анасы шенеуніктердің үнсіздігінен шаршаған сыңайлы. Олар бас прокурордың қабылдауына жазылу үшін арызын қалдырып кетті. Айтбаевтардың Грузиядағы қорғаушысы да қылмыстық істегі басты кейіпкер Мұратты Грузияға алдыру үшін прокуратураға арызданбақ.
«Мен де жәбірленуші тарап секілді Әселдің өзін-өзі өлтіргеніне сенбеймін. Оны өлтірген. Қылмыстық іс «өзін-өзі өлтіру» емес, «өлтіру» бабы бойынша жүргізілуі тиіс. Егер тергеу Мұраттан жауап алмаса, мен өзім оның тергелуін талап етемін. Себебі, ол – істегі басты кейіпкер. Қызды Грузияға әкелді, марқұмның қалдырған айғағында оны зорлағаны айтылған», - деді Айсұлу Айтпаеваның адвокаты Нино Андриашвили.
Грузиядағы телеарналар Мұрат Мейірбековтің суретін жарыса көрсетіп жатыр. Оның жасы 37-де. Бірінші некесінен қызы, екіншісінен ұлы бар. Қазір әйелінің аяғы ауыр. Ал Мұраттың енесі күйеу баласына шаң жуытпай отыр. Айтуынша, оның еш кінәсі жоқ.
«Ол аудандық ішкі істер бөліміне барып, өзінің жауабын берді. Кінәлі деп айта алмаймын. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бәрі оны жеңгетайлықпен айналысқандай жауыз қылып, айтып, жазып жатыр. Ол отбасылы азамат. Шынымды айтсам, қызға қайғырдым. Обал болды», - дейді Мұрат Мейірбековтің енесі.
Мұрат Мейірбеков туралы деректерді қазбалап көрдік, оның атында елордада пәтері бар. Үйіне барып көргенімізде, Мұрат болмай шықты. Пәтер басқа біреулерге жалға берілген екен.
- Айтыңызшы, Мұрат Мейірбеков осында тұра ма?
- Мұрат пәтер қожайыны, мен білемін. Бірақ мұнда жоқ.
- Сіздер жалға алдыңыздар ма?
- Иә...
26 жастағы қазақстандық қыз 5 мамырда Тблилисидегі көпқабатты үйдің 9-қабатынан құлап көз жұмған. Марқұм сол кезде жалғыз жеңіл жейдеде болыпты. Дәл қазіргі күні Әселдің жұмбақ өліміне қатысы бар 57 жастағы Бесик Тордуа қамауда. Күдікті қызбен ара қатынасы тым жақын болғанын, тіпті үйленгісі келгенін және оны өлтірмегенін айтып ақталыпты. Оның сөзіне марқұмның ата-анасы сенбейді.
«Күдіктінің адвокаты олардың үйленгісі келгенін айтады. Ол – өтірік. Менің қызымның тұрмысқа шығу туралы ойы болған жоқ. «Жасың жетті, тұрмысқа шық» деген кезде де Әсел қарсылығын білдірген. Арманы ақша тауып, өз пәтерін алу еді. Егер үйленгісі келсе, ол зорлық көрсетіп, терезеден лақтырып жібере ме? Махаббат емес қой ол дегенің», - дейді Әсел Айтбаеваның әкесі Алтай Айтпаев.
Шым-шытырық оқиғаның мән-жайымен грузиндік полицейлер айналысып жатыр. Тергеуге маңызды айғақ ретінде Әселдің Бесикпен бір сағаттық сөйлескен аудиожазбасы пайдаланылып жатыр. Ал соттың бірінші отырысы 23 маусымға жоспарланған.