Ақтөбеде жемқорлыққа қарсы департамент қызметкері сотталды
Ол жеке серіктестік иесінен 60 миллион теңге пара алған

Ақтөбе облысында 60 млн теңге пара алған антикор қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаметінің аға офицері 2019 жылы жеке серіктестік иесін пара беруге мәжбүрлегені дәлелденді. Аса ірі көлемдегі қаржыны иемденген қызметкер кәсіпкердің салығы мен өсімпұлын төмендетіп беруге уәде етіп, соның өтемі ретінде 60 миллион теңге пара алған», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Ақтөбе қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот шешімімен антикор қызметкері 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен тапқан ақшасына алынған дүние-мүлкі тәркіленді.
Айта кетерлігі, офицердің қандай мүлкінің тәркіленгені жайында облыстық соттың баспасөз қызметі нақты ақпарат берген жоқ.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.