Дәрігерге тіл тигізген әйелге сот қомақты айыппұл төлетті
Алматылық ана ауруханада жанжал шығарған
Алматы ауруханасында ауырып жатқан ұлын көрмек болған анаға сот қомақты айыппұл салды. Егде жастағы әйел карантин талаптарын тыңдамай, ауруханаға кірмек болған. Жанжал наурыз айының ортасында Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында болған. Науқастың анасы жансақтау бөлімінде жатқан ұлына кірмек болады. Жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі ашуланған әйелге түсіндірмек болғанда, ол балағат сөздер айтып, жанжаласудың соңы дәрігер халатының жыртылуымен аяқталады. Дәрігерді қорғауға басқа медициналық қызметкерлер шыққан.
«Менің тәжірибемде бұл бірінші рет болды, бірақ біз медициналық персоналды қаншалықты жиі қорлай бастағанын байқаймыз. Мен ақ халаттының ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуге шешім қабылдадым. Көбісі, оның ішінде құқық қорғау органдары да мені түсінбеді, бірақ менің барлық әріптестерім мені қолдады, мәселені соңына дейін жеткізуді өтінді. Біз қазір қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Ал мұндай жайттар жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Мен пациенттерге біздің де құқығымыз бар екенін, кез келген жағдайда бір-бірімізге, әсіресе емдеушілерге түсіністікпен қарау керек екенін көрсеткім келді», - деді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігері Гүлнара Бердалина.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 80-1 Медицина және (немесе) фармацевтика қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтірген адамды 15 тәулікке дейін қамау туралы да жаза қарастырылған. Медициналық қызметкерлерді қорғайтын кодекстің өзі өткен жазда қабылданған. Медицина және (немесе) фармацевтика қызметкерлеріне өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде былапыт сөйлеуден, әбес қылықтар (белгілер) көрсетіп, құрметсіздік танытқан жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Ал бұндай әрекет қайталанса, 15 тәулікке дейін қамаққа алынуы мүмкін.
«Аталған жағдайға қатысты алғашқы сот мамыр айында басталғанымен, іс бес рет кейінге шегерілді. Сот сотталушыны 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге үкім етті, бірақ оның жұмыс істемейтінін және бірінші рет сотталғанын ескеріп, оған 30 пайыздық жеңілдік жасады. Осылайша ұлын көремін деп келіп, сотталған әйел 61 мың теңге төледі», - деді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы