Шымкентте жоғалып кеткен жасөспірім қыз аман-есен табылды
Қаладағы аялдамалардың бірінен ерте түсіп қалған қыз адасып кеткен
Шымкенттік полицейлер жоғалған жасөспірім қызды тез арада тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
18 мамыр күні «102» сымтетігіне Шымкент қаласының тұрғыны 15 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Анасының айтуынша, қызы аялдамалардың бірінен ерте түсіп қалып, адасып кеткен.
«Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде, полицейлер жасөспірімді жарты сағат ішінде тауып, ата-анасына аман-есен табыстады», - делінген қалалық ПД баспасөз хабарламасында.
Өз кезегінде полицейлердің жедел әрекетіне тәнті болған қыздың анасы полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Осы орайда полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларды назардан тыс қалдырмауларын сұранады.