ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

«Қисайған үйде қауіп жоқ» - Алматы әкімдігі

Алматыда іргетасы сыр берген 9 қабатты үйдің тұрғындары кеше түннен бері пәтеріне кіруге қорқып жүр

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған Зерделі-6 ықшам ауданындағы № 1/179 тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір жағына қарай қисая бастағанын алдымен көршілері байқаған. Дабыл қаққан тұрғындар ғимараттың қауіпсіздігі үшін алаңдап, кеше түннен бері көз ілмегендерін айтады.

Жұртпен бірге жүгін көлікке тиеп, қиын жағдайда тап болған көп балалы аналардың бірі - Әсел Базарбаева. Оның айтуынша, бұл пәтерге 2013 жылы «Жас отбасы» бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Ол да басқа көршілері сияқты қабырғасы қисайған үйді қауіпсіз деп санап, пәтерінде қонуға бата алмай жүр.

«Төрт балам бар. Үйің құлап, балаларыңнан айырылдың деген хабарды естігім келмейді. Үй сапалы деген. Міне, сапасы көпке бармады. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Осы жерде 5-6 үйде осындай мәселе болған. Мына үйдің адамдарын да бұрын эвакуациялады. Сосын арғы үйді», - дейді «Зерделі-6» ықшам ауданының тұрғыны.

Кей тұрғындар үйлеріне қомақты қаржыға жөндеу жүргізген. Үйді ипотекамен алып, ай сайын несие төлеп отырған тұрғындар ғимараттың қазіргі жағдайына байланысты ашуға беріліп, үйді салған компания мен оны қабылдап алған шенділер жауап беруі керек деп есептейді.

«Неге тек халық қиналуы тиіс? Мен үйді салған компаниялар мен ғимаратты қабылдап алғандардың барлығы жауап беру керек деп есептеймін», - дейді Алатау ауданының тұрғыны Сәуле Бекмұратова.

Төтенше жағдайлар департаменті аталмыш тұрғын үйге байланысты жағдайдан кеше сағат 21.10-да хабардар болған.

«Оқиға орнына біздің мамандар барды. Түнімен қалада тұман болғандықтан, өлшеу, өзге де жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік болмады. Қазір оқиға орнында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Басқа ақпарат бере алмаймыз», - деп қысқа қайырды Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Нұрымбетова.

Қабырғасы қисайған тұрғын үйдің жайы осыдан үш күн бұрын анықталғанмен, әкімдік іске енді ғана араласып отыр. Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Қуандық Айтмағамбетов тұрғындарға қауіптің жоқтығын айтады.  

«Қазір қауіп жоқ. 1 см, 0,5 см қисайған дедім ғой. Күнде құрылғылармен белгі қойып, бақылап отырамыз. Бізде КазГИЗ деген компания бар, сол анализ жасайды. Сосын зертхана қортындысын КазНИИСА-ға береміз», - дейді басқарма басшысы.

72 отбасы тұратын тұрғын үй қабырғасының қисаюына құрылыстың сапасыз жүргізілгенінен бөлек, күз бойы өрт сөндіру құбырынан аққан су да әсер еткен болуы мүмкін. Әкімдік өкілдері тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ, ертеңнен бастап топырақ сынамасы алынады деп сендіргісі келеді. Алайда, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ, жұртшылық «Алғабас» деп атап кеткен ықшам ауданда бұған дейін 72 және 54 пәтерлі бірнеше үй қисайып, іртегасы қайта бекітілген еді. Аталмыш тұрғын үйлердің құрылысын «Даниа-Констракшн» және «Астана құрылыс» компаниясы жүргізген.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы