Түркістанда тұрғындардың жарты миллион теңгесін жымқырған алаяқ ұсталды
Тергеушілер ұсталған әйелдің 15 алаяқтық іске қатысы бар екенін анықтады
Түркістандық полицейлер алаяқтық туралы істі сотқа жолдады. Әйел қала тұрғындарынан алаяқтық жолмен жарты миллионнан астам теңгені алып кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Түркістан облысы Полиция департаментінің Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті бірнеше тұрғын арызданып келді. Яғни, аталған тұрғындар өзінің арызында белгісіз әйел кісінің сенімге кіріп, мүгедектікке шығарып беремін деп, жәбірленушілерден 50 мың теңге мен 200 мың теңге аралығында ақша алып, алаяқтық жасап, бой тасалағанын айтты», - деді Түркістан облысы ПД КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шыңғыс Жайлаубек.
Азаматша өзін тұрғындарға мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, мүгедектікті алу бойынша құжаттарды ресімдейтінін айтқан. Алайда жәбірленушілер одан не құжаттарын, не ақшаларын ала алмай қалған. Осылайша, олар полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары алаяқтың ізіне түсіп, оны қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұстады. Күдікті әйел еш жерде жұмыс істемейтінін, кәмелетке толмаған екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын айтқан.
Тергеушілер ұсталған әйелдің осындай 15 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Іс материалдары сотқа жіберілді.
Түркістан облысында осы жылдың алғашқы үш айында полицейлер 159 алаяқтық дерегін тіркеді.