ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Елордада лауазымды тұлғаның ұлы жасөспірімді қағып, оқиға орнынан кетіп қалды» - куәгер

Жол апатына куәгерлер көлік иесінің кім екенін айтты

фото: www.facebook.com/sara.bersan.1

Сара Бакирова есімді желі қолданушысы өткен жұмада жол апатына куәгер болғанын, жаяу жүргіншілер жолында 1999 жылы туған азаматтың жасөспірім жігітті көлігімен қағып, оқиға орнынан ізін суытқанын жазды.

«Ол жәй ғана оқиға орнынан кетіп қалған жоқ, көлігін асықпай фитнес-орталық жанына қойып, алаңсыз спортпен шұғылдануға бет алды. Жол апатына куәгер болған біз (тағы куәгер қыз) оған мәселені түсіндіріп, зардап шеккен жасөспірімге жол полициясы мен жедел жәрдем шақырдық», - деп хабарлады куәгер.

Куәгердің айтуынша, зардап шеккен жасөспірім 2004 жылы туған. Су жаңа Toyota Camry 70 капотына соғылған жігіт посттравматикалық шок алғандай көрінген.

«Жасөспірімнен жақындарынан кімге хабарласу керегін сұрағанымда, ол әжесін босқа алаңдатудың қажеті жоғын айтты. Осыдан кейін мен баланың жетім екенін, инсульттан кейін сал болып қалған әжесімен бірге тұратынын ұқтым. Мұндай хабар расымен де оған ауыр соғар ма еді...

Ал, жақында 22 жасқа толатын жас жігіт (көлік иесі - ред.) өзін дарақы ұстап, біреуге шексіз қоңырау соғып жатты. Жүзінен өкініштің лебі сезілмейді, айналада болып жатқан жағдайдың оған түк қатысы жоқ сияқты. Біздің «неге сен көлігіңнен түсіп, кешірім сұрап, жедел жәрдем шақырып, көмек көрсетпедің?» деген сұрағымызға дұрыс жауап бермей, көлігімен қаққан жасөспірімнің аман, қасында тұрғанын айтты. Тағы таңғалдырғаны, ол жол полициясы қызметкерлерінің көзінше менмендік танытып, барлық қажетті құжаттарды толтыруға рұқсат бермей, олардың жұмысына кедергі келтірді», - деп жазды Сара Бакирова.

Куәгер осы оқиғадан кейін көлік иесінің не себепті өзін кінәсіз, сенімді ұстағанын ойлап, оған қатысты мәлімет іздеп көрген.

«Google жауабын айтты. Оның әкесі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салықтық бақылау департаменті жанама салықтарға әкімшілік ету басқармасы басшысы Дамир Бақытұлы Нұрғалиев болып шықты», - деп, куәгер көлік иесінің жеке басының кім екенін айтты.

Бұл оқиғаны Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіндегілер растады. Оқиға 30 сәуірде сағат 15:13 те Түркістан көшесінде болған. Toyota Camry жүргізушісі белгіленген жерден жүгіріп өткен жасөспірімді (2004 жылғы) қаққан. Бұл факті бойынша 21 жастағы жол апатына куәгер азамат анықталды.

Ал, жәбірленушінің алған жарақатының ауырлығы сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша анықталады. Қазір аталған фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.